31.08.2023 «Қарлығаш» балабақшасының педагогтары баланың балабақшаға жылдам бейімделуіне қатысты пайдалы ұсыныстармен бөліседі
Кез келген жастағы бала балабақшаға бейімделу кезеңінен өтеді. Жаңа әрі бейтаныс орта, жекелеген ережелер – бала үшін таңсық жағдай. Сондықтан баланың ұжымға деген сенімін қалыптастырып, жаңа ортаға тарту үшін балабақша педагогтары мен ата-аналардың бірлескен үйлесімді әрекетінің маңызы зор. Балабақшаға бейімделу орта есеппен 1-2 айға созылады, кей жағдайда бұл кезең алты айға немесе одан да көп уақытқа созылуы мүмкін. Бұл баланың мінезіне, темпераментіне және денсаулық жағдайына байланысты. Бейімделу кезеңінің мейлінше жеңіл өтуіне көмектесетін ұсыныстар: • демалыс күндері балабақша режимін ұстаныңыз; • баламен ұзақ қоштаспаңыз – бұл баланың алаңдауын туғызады. Сондықтан өзіңізді сенімді және сабырлы ұстаңыз; • жақсы көретін ойыншығын алып келіңіз; • мультфильм, телебағдарлама көруді азайтыңыз; • баламен қоштасып тұрып, оған міндетті түрде оралатыңызды айтыңыз; • кездесу және қоштасу рәсімін ойлап табуға болады (құшақтау, қол бұлғау, беттен сүю, т.б. ); • үйде балаңызбен «балабақша» ойнап көріңіз. Ойыншықтардың біреуі баланың рөлінде болып, не істегенін, не айтқанын қадағалаңыз. Баламен бірге оның достарын табуға көмектесіңіз және оның мәселелерін бірге шешіңіз; • балаға көбірек уақыт бөліңіз, бірге серуендеп, бірге кітап оқыңыздар. Жиі құшақтап, бауырыңызға басыңыз, еркелетіңіз. Жақсы көретініңізді үнемі айтып отырыңыз.